Ақтөбе облысында 71 жастағы зейнеткер телефон алаяқтарының құрбаны болды, деп хабарлады облыстық полиция департаменті. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Алаяқтар әйелге WhatsApp мессенджері арқылы хабарласып, өздерін "Энерго Снаб" ЖШС-нің қызметкері ретінде таныстырған. Олар зейнеткерге электр есептегішін ауыстыру қажет екенін айтып, 1414 нөмірінен келген кодты айтуды сұраған.
Кейін алаяқтар eGov.kz порталының және Ұлттық банктің қауіпсіздік қызметінің қызметкерлеріміз деп хабарласып, есепшотындағы қаражатқа қауіп төніп тұрғанын айтқан. Олар зейнеткерді ақшаны "қауіпсіз шотқа" аударуға көндірген, – дейді полиция.
Ол 500 мың теңге көлемінде кредит рәсімдеп, ақшаны алаяқтар берген шотқа аударған. Кейін олар әйелді "мүлкін сақтап қалу" үшін пәтерін шұғыл сатуға үгіттеген. Зейнеткер пәтерін 7,5 миллион теңгеге сатып, түскен қаржының бір бөлігін банк арқылы аударған, ал қалғанын курьерге берген.
Банк қызметкерлері күмәнді операцияны байқап, әйелге бірнеше рет ескерту жасап, ақшаны аудармауға көндіруге тырысқан. Алайда алаяқтардың ықпалында болған зейнеткер олардың ескертуіне құлақ аспаған, – дейді Ақтөбе облысының полиция департаменті.
