Ақтөбеде бопсалау және тонау қылмыстарына қатысы бар деген күдікпен 7 адам ұсталды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, күдіктілер әлеуметтік тұрмысы тұрақсыз адамдардан құралған. 17 маусымда күдіктілер ойдан шығарылған қарызды қайтару сылтауымен жәбірленушіге күш қолданып, оны несие рәсімдеуге және депозиттік шотынан ақша шешіп алуға мәжбүрлеген. Осылайша олар заңсыз жолмен 700 мың теңгені иемденіп, жәбірленушіге елеулі материалдық шығын келтірген.

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері жеті күдіктіні анықтап, ұстады. Барлығы ішкі істер органдарына жеткізілді. Қазіргі уақытта бопсалау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ ұсталғандардың Ақтөбе облысында жасалған басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріледі.