Ақтөбеде Неке сарайы ғимаратында 26 жастағы әйел пышақ жарақатынан қаза тапты. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Әйел жаңа некесін тіркеуге дайындалып жүрген кезде қайғылы жағдай орын алған. Алғашқы хабарламалар әлеуметтік желілерде пайда болды. Куәгерлер Threads желісінде оқиға орнының жанында жедел жәрдем көліктері мен полиция экипаждарының суреттерін жариялады.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, трагедия 3 қарашада «Неке сарайы» ғимаратында болған. Қаза тапқан әйел 26 жаста еді. Пышақпен шабуылдан кейін ол оқиға орнында көз жұмды.
Ақтөбе облысының Полиция департаменті өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу басталғанын растады. Күдікті қылмыстың ізі суымай тұрып ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
«Алдын ала анықталғандай, күдікті – қаза тапқан әйелдің бұрынғы азаматтық некедегі серігі. Олардың арасында мекемеде ата-ана құқығынан бас тарту мәселесі бойынша жанжал туындаған», – деп хабарлады полиция.
Тергеушілер оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.
Бұған дейін «Курсив» Ақтөбеде танысын өлтірді деген күдікпен Атырау тұрғынының ұсталғаны туралы жазған болатын. Полиция мәліметтеріне сәйкес, әйел пышақ жарақатынан қаза тапқан.
Ал қарсаңында Қостанайда ер адам бұрынғы әйелін өлтіргені үшін 12 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Ол тоғыз жасар қызының көмегімен үйге кіріп, әйелді атып өлтірген.
