Ақтөбеде газ құю бекетінде тұрған көлік өртеніп, үш адам тірідей жанып кетті. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, олардың екеуі – кәмелетке толмаған бала. 19 маусымда сағат 22:55-те 112 пультіне Ақтөбе қаласындағы Бөгенбай батыр көшесінде орналасқан автогаз құю станциясының аумағында автокөліктің өртенгені туралы хабарлама келіп түскен. Өрт хабарлама түскеннен кейін 8 минут өткен соң сағат 23:03-те толықтай сөндірілді.

Өрт сөндірушілер жалынның автогаз құю станциясының нысандарына таралуына жол бермеді. Өртті сөндіру барысында автокөлік салонынан үш адамның мәйіті табылды, олардың екеуі – кәмелетке толмағандар. Бір зардап шегуші медициналық мекемеге жеткізіліп, ауруханаға жатқызылды.

Оқиғаны жою жұмыстарына Жедел-құтқару жасағының құтқарушылары мен Апаттар медицинасы орталығының мамандарын қоса алғанда, ТЖД-ның 50 ге жуық қызметкері және 10-нан астам техника жұмылдырылды. Өрттің шығу себептері анықталып жатыр. Аталған факті бойынша қажетті жедел-тергеу іс-шаралары жүргізілуде.