Ақтөбеде танысын бопсалаған күдікті қамауға алынды. Полицияға Ақтөбе қаласының тұрғыны арызбен жүгінген. «Ол бұрын қарым-қатынаста болған таныс ер адамның оның келісімінсіз түсірілген интимдік сипаттағы бейнежазбаларды таратамын деп қорқытып, психологиялық қысым көрсетіп жүргенін хабарлаған», - деп жазылған хабарламада. Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдіктінің жеке басы анықталып, ұсталды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Күдікті көршілес облыстың 38 жастағы тұрғыны болып шықты. Аталған факті бойынша жеке өмірге қол сұғушылық белгілері бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.

Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға, сондай-ақ күдіктінің өзге де құқыққа қайшы әрекеттерге қатысы бар-жоғын тексеруге бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.