Ақтөбеде анасын пышақтап өлтірген 16 жастағы жасөспірімге қатысты сот үкімі шықты. Ол түрмеге емес, мәжбүрлі емделуге жіберілді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Сотта он ай бойы жүргізілген сараптама нәтижесінде мамандар жасөспірімнің психикалық дерті бар екенін анықтады. Оған «шизофрения» диагнозы қойылған. Қазір 16 жастағы бала Талғардағы психиатриялық ауруханада ем алып жатыр, сондықтан үкімді өзі естіген жоқ.

Қанды қылмыс былтыр жаңа жыл қарсаңында болған. Жасөспірім үйде 41 жастағы анасымен сөйлеспек болған. Әңгіме барысында жанжал шығып, ашуға булыққан бала қолына пышақ алып, анасына бірнеше рет соққы жасап, әйелдің өмірін қиған.

Немересінің шешесіне шабуыл жасағанын көрген 73 жастағы әжесі араша түсуге ұмтылған. Алайда жасөспірім оған да пышақ салып, бірнеше жерінен жаралаған. Кейін ауруханаға жеткізілген әжей аман қалды.

Сабақты жақсы оқып, олимпиадалардан жүлде алып жүрген жасөспірімнің мұндай қылмысқа баратынын ешкім күтпеген. Тіпті бұған дейінгі ашушаңдығы мен мінез-құлқындағы өзгерістерді жақындары еркелікке, өтпелі кезеңге балаған.

Сот барысында балаға бірнеше медициналық сараптама жүргізілгені айтылды. Мамандар оның созылмалы психикалық ауруы бар деген қорытындыға келген. Дерті қоғамға қауіпті болғандықтан, судья оны оқшаулауды жөн деп шешкен.

«Интенсивті бақылайтын мамандандырылған үлгідегі психиатриялық ауруханада мәжбүрлеу емі тағайындалсын. Зейнелғабидинге қолданылған психикалық көмек көрсететін арнаулы медициналық ұйымға орналастыру түріндегі қауіпсіздік шарасы өзгеріссіз қалдырылсын. Сот сараптамаларына жұмсалған 1 147 523 теңге процестік шығын мемлекет есебінен қалдырылсын», - деді Ақтөбе облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Алтынбек Сабыров.