Ақтөбе тұрғыны алаяқтардың кесірінен баспанасынан айырылып қала жаздады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
21 шілдеде Ақтөбе қаласының 56 жастағы тұрғынына белгісіз адамдар қоңырау шалған. Олар алдымен өздерін жеткізу қызметінің өкілі, кейін банк қызметкері ретінде таныстырған. Алаяқтар әйелге оның атына кредит рәсімделіп жатқанын айтып, ешкімге бұл туралы хабарламауды және өз нұсқауларын орындауды талап еткен.
Кейін оның екі бөлмелі пәтері бар екенін біліп, "мүлкіңізді сақтап қаласыз" деген сылтаумен баспанасын нарық бағасынан төмен бағаға сатуға көндірген. Жәбірленуші жылжымайтын мүлік агенттігіне жүгініп, пәтерін сатуға әрекет жасаған.
Алайда агенттік менеджері мәміледен күмәнді белгілерді байқап, дереу полицияға хабар берген. Оқиға орнына келген полицейлер әйелге алаяқтардың арбауына түскенін түсіндіріп, пәтерін сатуға жол бермеді.
