Ақтөбе қаласында әйел басқа адамның пәтерін 6,28 млн теңгеге сатып жіберген, деп жазды «Диапазон» басылымы. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға былай өрбіген. Ақтөбелік ер адам бір іс-шарада Мәдина есімді әйелмен танысып, оған пәтер сатып алғысы келетінін айтқан. Әйел бірден Есет батыр тұрғын алабында екі бөлмелі пәтері бар екенін айтып, оны 6 млн 280 мың теңгеге бағалаған.
Бір аптадан кейін ол ақшаны толық төлеп, пәтерге ата-анасын көшіріп әкелген. Алайда сатушы сатып алу-сату шартының орнына жылжымайтын мүлікті қабылдау-тапсыру актісін берген.
2026 жылдың қаңтарында пәтерге белгісіз әйел келіп, өзін баспананың иесі ретінде таныстырған. Кейін ол сот арқылы жаңа тұрғындарды пәтерден шығарған. Пәтер шынымен де осы әйелге тиесілі екені белгілі болды. Ол Атырау облысындағы колонияда жазасын өтеп жатқан кезде кілттерін танысына қалдырған. Жазасын өтеу мерзімін кейінге шегеру туралы рұқсат алған соң үйіне оралмақ болғанда, пәтерінде бөтен адамдар тұрып жатқанын көрген.
Сотта Мәдина кінәсін мойындады. Ол сатып алушыдан алған миллиондаған теңгені жұмсап қойғанын және ақшаны қайтара алмайтынын айтқан. Сондай-ақ әйелдің бұған дейін де алаяқтық үшін сотталғаны анықталған. Сол кезде балалары болғандықтан, оған жазасын өтеу кейінге шегерілген. Бұл жолы сот оны нақты бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Алайда жазаны өтеу тағы да кейінге қалдырылды. Әйел сот үкімі жарияланғаннан кейін сот ғимаратынан бостандыққа шықты.
