Ақтөбеде ер адамды бопсалады деген күдікпен 33 жастағы әйел ұсталды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері бопсалау жасады деген күдікпен Ақтөбе қаласының тұрғынын ұстаған. Күдікті 100 мың теңге алып жатқан кезде қылмыс үстінде қолға түскен.
Полицияға арызданған ер адамның айтуынша, ол TikTok әлеуметтік желісі арқылы әйелмен танысқан. Кездесуден кейін олардың арасында жақын қарым-қатынас орнаған. Арада біраз уақыт өткен соң әйел одан ақша талап етіп, құқық қорғау органдарына өзін зорлады деген жалған арыз жазатынын айтып қорқытқан.
Жәбірленуші қорыққанынан әйелге ақша берген. Кейін күдікті тағы 100 мың теңге талап еткен. Ақшаны алу кезінде оны полиция қызметкерлері ұстаған. Аталған факті бойынша бопсалау бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр.
