Ақтөбеде 90-жылдардың үлгісімен көшеге шыққан той кортежінің қатысушылары жауапқа тартылды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Әлеуметтік желіде ескі Москвич мінген жас жұбайлар мен жүк көлігінің артында үймелеп отырған жастардың видеосы тарады. Олар полиция назарына да іліккен.

Полицияның ресми хабарламасы

"Мерекелік көңіл-күй жол қауіпсіздігі талаптарын сақтауға кедергі болмауы тиіс. Полиция қызметкерлері бейнежазбаға жүргізілген мониторинг барысында бірнеше көлік жүргізушісінің жол қозғалысы ережелерін бұзғанын анықтады. Атап айтқанда, жолаушыларды көлік кабинасынан тыс тасымалдау, сондай-ақ тәуліктің жарық уақытында сыртқы жарық беру аспаптары мен дыбыстық сигналдарды пайдалану талаптарын бұзу фактілері тіркелді", - делінген ресми хабарламада.

Құқық бұзушылар анықталды

Құқық бұзушылар Қарғалы ауданының тұрғындары болып шықты. Көлік жүргізушілері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.