Ақтөбеде 26 жастағы әйел бұрынғы күйеуінің қолынан көз жұмды. Бұл туралы оның сіңілісі әлеуметтік желіде жазды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Полицияның мәліметінше, аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалған. Құқық қорғау қызметкерлері күдіктінің жеке басын анықтап, оны ұстаған.

Қазіргі уақытта 31 жастағы ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды. Алдын ала мәлімет бойынша, қайғылы оқиға бұрынғы ерлі-зайыпты арасындағы тұрмыстық жанжал салдарынан болған.

«Бұған дейін полицияға аталған тұлғалардың арасында тұрмыстық жанжал болғаны туралы ешқандай арыз-шағым мен хабарлама түспеген», – деп хабарлады полиция департаменті.

Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.