Ақтөбе облысындағы индустриялық аймаққа соңғы 2,5 жылда 130 млрд теңге инвестиция тартылды, деп хабарлады облыс әкімдігі. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Өңірде жоспарланған 27 жобаның 21-і іске асырылды. Қалған жобалар толық жүзеге асқан кезде шамамен 1 500 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.
«Индустриялық аймақта инвесторларға дайын инженерлік инфрақұрылым мен қолайлы жағдайлар ұсынылады. Бұл кәсіпорындардың құрылыс шығындарын азайтып, жобаларды іске асыру мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді», – деп хабарлады әкімдік.
Осындай мүмкіндіктерді пайдаланған кәсіпорындардың бірі – Владимир Ли басқаратын компания. Оның айтуынша, жер учаскесін алу және дайын инженерлік желілерді пайдалану құрылыс шығындарын едәуір азайтуға мүмкіндік берген. Компания құрылысты 2023 жылы бастап, 2025 жылы аяқтаған.
