Ақтөбе облысында 1 шілдеден бастап жыл сайынғы еңбек демалысына шыққан мыңдаған педагог демалыс ақысын әлі күнге дейін алмаған. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Білім басқармасы кідірісті бюджеттен қаржы түспеуімен түсіндіріп, мұғалімдермен 10 шілдеге дейін толық есептесетінін уәде етті. Мәселе «Диапазон» басылымының редакциясына педагогтардың өтінішінен кейін белгілі болды. Мұғалімдердің айтуынша, демалыс ақысы аударылмаған, себеп ретінде қаражаттың жоқтығы айтылған.
«Мұғалімдер үшін демалыс – заңмен кепілдендірілген құқық. Уақытылы төлемсіз ол қалпына келтіру кезеңі емес, алаңдаушылық пен белгісіздік уақытына айналады. Біз демалыс ақысының неге уақытында төленбейтінін және оны қашан беретінін білгіміз келеді», – делінген мұғалімдердің өтінішінде.
Білім басқармасы төлемдердің бюджет қаражаты түскен сайын жүргізілетінін хабарлады. Ведомство басшысының орынбасары Аккенже Тындыбаеваның айтуынша, 1 маусымнан бастап демалысқа шыққан педагогтар жалақы мен демалыс ақысын алған.
«Біз кесте жасап, 1-10 шілде аралығында демалысқа шыққандарға бюджеттен қаражат түскеннен кейін кезең-кезеңімен демалыс ақысын төлеуге дайынбыз», – деп түсіндірді ол.
Өңірде 26 мыңға жуық мұғалім жұмыс істейді. Шілде айында демалысқа шыққан педагогтарға демалыс ақысын төлеу үшін шамамен 5 млрд теңге қажет. Кейін білім басқармасы мұғалімдермен 10 шілдеге дейін толық есептесуді жоспарлап отырғанын хабарлады.
Бұған дейін «Курсив» Қостанай қаласы білім бөлімінің басшысы Гүлсім Уразбаеваның бюджет қаражатын жымқыру күдігімен ұсталып, қамауға алынғанын жазған еді.
