Ақтөбе облысында мұнай өңдеу зауыты салынады. Бұл туралы энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап.
Жаңа зауыттың қуаты орташа болады. Қуаты – 2 млн тонна. Министрдің айтуынша, орташа тонналы зауыт ішкі сұранысты өтеп қана қоймай, Орталық Азия елдеріне де өнім сатады.
«Қазіргі кезде жанар-жағармай жеткізу жағынан іркілістер бар. Осындай жағдайда біз ресурсы бар мемлекет ретінде көршілерге қажетті өнімді жеткізе аламыз», - деді Ақкенженов.
Министрдің айтуынша, жаңа жобаның құрылысы екі жылда аяқталады. Зауыт бензин ғана емес, керосин де шығаратын болады.
Айта кетері, бүгінде Қазақстанда Атырау, Павлодар мен Шымкентте ірі мұнай өңдеу зауыттары бар. Әрбіреуі жылына 5-6 млн тонна өнім шығара алады.
Ақтөбе облысындағы шағын зауыттан бөлек тағы бір ірі зауыт салынады. Қазіргі кезде оның орналасу жері пысықталып жатыр.
