Ақтөбе облысы Байғанин ауданында қатты екпінді жел металл байланыс мұнарасының жеке тұрған бір қабатты дүкен ғимаратына құлауына себеп болды. Оқиға салдарынан үш адам зардап шекті. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Облыс әкімдігінің хабарлауынша, барлық зардап шеккендерге аудандық аурухана дәрігерлері қажетті медициналық көмек көрсеткен. Оқиғадан кейін Ақтөбе облысы ТЖД қызметкерлері жедел түрде авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізді.
Сонымен қатар, қолайсыз ауа райы тағы бірнеше нысанға зақым келтірді. Қазіргі уақытта мамандар келтірілген шығынды бағалап, авариялық бригадалар аудан орталығында электрмен жабдықтау мен ұялы байланысты қалпына келтіріп жатыр.
«Тексеру қорытындысы бойынша жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жариялау туралы шешім қабылданады. Барлық тартылған қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеуде. Жергілікті атқарушы орган оқиғаның салдарын жою және зардап шеккен тұрғындарға қажетті көмек көрсету бойынша барлық қажетті шараларды қабылдайды», — деп хабарлады Ақтөбе облысының әкімдігі.
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың тапсырмасы бойынша жұмыстарды үйлестіру үшін облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Елеуовтың жетекшілігімен төтенше жағдайлар жөніндегі комиссия құрылды.
Билік тұрғындарды сабыр сақтауға, тек ресми ақпарат көздеріне сенуге және жүргізіліп жатқан авариялық-қалпына келтіру жұмыстарын түсіністікпен қабылдауға шақырды.
Жағдай Ақтөбе облысы әкімінің бақылауында.
