«Ақтөбе» футбол клубы Шымкенттің «Ордабасы» клубымен өткен матчтағы жанжалдан кейін ресми мәлімдеме жасады. Клуб ұлтаралық келісімді қолдайтынын атап өтті, алайда полиция санкцияларына іліккен кәмелетке толмаған жанкүйер қыздардың қаржылық шығындарын толық өз мойнына алуға шешім қабылдады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Акцияның провокациялық сипатына қарамастан, «Ақтөбе» стадион трибуналарында плакат ұстаған қыздарға қаржылай қолдау көрсетуге уәде берді.

«„Ақтөбе“ футбол клубы үшін әрбір жанкүйер маңызды. „Ақтөбе“ ФК айыппұл алған алты қызымыздың шығындарын толық өтейді. Қыздарымыз қателескенін толық түсініп, команданы барлық ережелерге сай қолдауға уәде берді», — делінген клуб баспасөз қызметінің хабарламасында.

«Ақтөбе» сонымен қатар барлық басқа жанкүйерлерді спорттық этиканы сақтауға, команданың беделін қорғауға және трибуналарда өзара құрмет танытуға шақырды. Клуб жекелеген адамдардың жеке әрекеттері клубтың ұстанымын білдірмейтінін мәлімдеді.

Кездесу 17 қазанда Ақтөбе орталық стадионында өтіп, Шымкенттің «Ордабасы» клубының 3:1 есебімен жеңісімен аяқталды.

HALYQSTAN Telegram-арнасының ақпараты бойынша, екі қыз қорлайтын жазулары бар плакат пен Өзбекстан туын ұстаған. Кәмелетке толмаған қыздардың ата-аналары кейінірек әкімшілік жауапкершілікке тартылды.