Ақтаудан Ыстанбұлға қатынайтын рейстер қайта жанданады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

FlyArystan әуе компаниясы "Ақтау – Ыстанбұл" бағыты бойынша тікелей әуе қатынасын қайта жандандырады.

Ақтаудан алғашқы рейс 22 қазанда орындалады. 27 қазаннан бастап рейстер тұрақты негізде аптасына екі рет – сейсенбі және сенбі күндері орындалады.

Рейс кестесі

Сейсенбі күндері рейс Ақтаудан сағат 08:40-та ұшып, Ыстанбұлға сағат 10:35-те жетеді. Кері рейс Ыстанбұлдан сағат 11:40-та ұшып, Ақтауға сағат 17:05-те қонады.

Сенбі күндері рейс Ақтаудан сағат 08:35-те ұшып, Ыстанбұлға сағат 10:30-да келеді. Кері рейс Ыстанбұлдан сағат 11:15-те ұшып, Ақтауға жергілікті уақыт бойынша сағат 16:40-та қонады.

Басқа бағыттар

Бұған дейін әуе компаниясы "Ақтау – Ереван – Ақтау" бағыты бойынша тікелей рейстердің қайта жанданатынын хабарлаған болатын. Армения астанасына рейстер 16 желтоқсаннан бастап аптасына екі рет – сәрсенбі және жұма күндері орындалады.

Қазіргі уақытта FlyArystan халықаралық бағыттағы әуе рейстері Ақтаудан Кутаиси, Баку, Дубай, Батуми және Үрімшіге ұшады.