Қазақстандық лоукостер FlyArystan Ақтау – Үрімжі жаңа халықаралық бағыты бойынша акция жариялады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Бір бағыттағы ұшу құны 41 мың теңгеден басталады. Акциялық ұсыныс 2026 жылғы 26 маусымнан 24 қазанға дейінгі рейстерге қолданылады. Алайда арнайы бағамен билеттерді тек 13 және 14 маусымда сатып алуға болады.

«Жаңа маршрут Ақтауды Қытайдың Үрімжі қаласымен байланыстырады. Рейстер 26 маусымда басталып, аптасына екі рет орындалады. Ақтаудан ұшу сейсенбі және жұма күндері сағат 20:20-да жоспарланған. Үрімжіге келу — келесі күні жергілікті уақыт бойынша 03:05-те», — деп хабарлады лоукостердің баспасөз қызметі.

Кері рейстер Үрімжіден сәрсенбі және сенбі күндері сағат 04:05-те ұшып, Ақтауға жергілікті уақыт бойынша 05:20-де қонады.

Авиакомпанияда Үрімжі қазақстандық туристер арасында танымал бағыттардың бірі болып қала беретінін атап өтті. Қала саяхатшыларды қытай және Орталық Азия мәдениеттерінің үйлесімі, бай асханасы, Ұлы Жібек жолының тарихы және сауда мүмкіндіктерімен тартады.

Алдыңғы күні «Курсив» FlyArystan компаниясының Ақтау – Батуми бағыты бойынша алғашқы тікелей рейсін орындағаны туралы жазды.

Бұған дейін Air Astana авиакомпаниясы Дубаймен тұрақты әуе қатынасын қалпына келтіретіні хабарланған болатын. Алматы – Дубай – Алматы бағыты бойынша рейстер 20 маусымнан, ал Астана – Дубай – Астана бағыты бойынша 10 шілдеден бастап қайта жанданады.