Ақтаудағы «Рахат-2» тұрғын үй кешенінің тұрғындары қатты ыстық кезінде электр қуатының үздіксіз өшірілуіне шағымданды. Жарықтың болмауынан су да, лифт те жұмыс істемейді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Тұрғындардың айтуынша, ішкі желілер жоғары жүктемеге төтеп бере алмайды, ал үздіксіз электрмен жабдықтауды қамтамасыз етуі тиіс резервтік кабель әлі тартылмаған.
Тұрғын үй кешенінде 800-ге жуық пәтер бар, онда шамамен 1,5 мың адам тұрады. Олардың арасында балалар мен қарт адамдар бар. Электр қуаты өшкен кезде жоғарғы қабаттардың тұрғындары жаяу көтерілуге мәжбүр, өйткені лифттер жұмыс істемейді.
«Егер жарықты өшірсе, бізде су болмайды. Себебі қазір барлық көпқабатты үйлерде су сорғылар арқылы беріледі. Ал электр қуатының жоқтығынан су беру тоқтайды. Жоғарғы қабаттар сусыз қалады. Ең бірінші өтініш: электр мәселесін реттеңіз», – деді тұрғын үй кешенінің тұрғыны Асыл Алдабергенқызы.
Қызмет көрсетуші компанияда үзілістер жаздың басталуымен басталғанын хабарлады. Кернеудің секіруінен төрт сорғы істен шыққан.
«Жаз басталысымен электр үнемі өшеді. Ауыз су сорғылары жұмысын тоқтатады. Содан кейін лифттер тоқтайды. Жаз басталғаннан бері осы өшірулерге байланысты бізде төрт сорғы жанып кетті. Біз оларды жөндеп, қайта орнатамыз. Бірақ осылай жалғаса берсе, барлық жабдық істен шығады», – деді қызмет көрсетуші компанияның басшысы Меруерт Көшербаева.
Тұрғындардың айтуынша, үйді төрт жыл бұрын пайдалануға берген құрылыс салушы әлі күнге дейін қажетті құжаттарды электрмен жабдықтаушы ұйымға тапсырмаған. Осыған байланысты желілер иесіз болып саналады.
Тұрғындар құзырлы органдарға ұжымдық өтініш жолдаған, алайда мәселе әлі шешілмеген.
Ақтау әкімдігінде өшірулердің негізгі себебі ретінде электр желісіне шамадан тыс жүктемені атады. Үйлерді электрмен қамтамасыз ету үшін ең жоғары жүктеме сағаттарында резервтік кабель қажет, алайда ол жоқ.
«Құрылыс ұйымы өз уақытында екі кабель тартуы керек еді. Алайда бүгінгі күні мұнда тек бір ғана кабель бар. Яғни резервтік кабель жоқ. Сондықтан өшіру кезінде қалпына келтіру жұмыстары белгілі бір уақытты алады. Кабель желілері сатып алынды. Қала бойынша кезектілікке сәйкес оларды тарту жұмыстары жүргізілуде», – деді Ақтау әкімдігінің ТКШ бөлімінің бас маманы Әсет Баспаев.
Әкімдік жұмыстардың нақты аяқталу мерзімін атамады. Сонымен қатар, шенеуніктер кабельді бір апта ішінде тарта бастауға уәде берді.
