Ақтауда көпфункционалды жаңа стадионның құрылысын бастауға арналған салтанатты іс-шара өтті. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Маңғыстау облысы әкімдігінің мәліметінше, кешеннің жалпы аумағы 17,29 гектарды құрайды. Футбол алаңының көлемі 105×68 метр болады және табиғи көгал төселеді. Сондай-ақ жылыту жүйесі мен жерасты дренажы қарастырылған.

Жаттығу алаңдары

Кешен аумағында екі жаттығу алаңы салынады. Көлемі 60×40 метр болатын бірінші алаң 600 көрерменге арналған трибунамен, ал 40×20 метрлік екінші алаң 400 көрерменге арналған трибунамен жабдықталады.

Стадион санаттары

Мұнда ұлттық және халықаралық деңгейдегі футбол матчтарын өткізу жоспарлануда. Қазақстан футбол федерациясының талаптарына сәйкес стадион 5-санатқа, ал UEFA стандарттары бойынша 4-санатқа сай болады, – делінген ресми хабарламада.

Футбол академиясы

Жаңа нысанда футбол академиясы да болады. Академияда 40 адамға арналған жатақхана, асхана, шағын футбол залы, жаттығу және функционалдық залдар, медициналық және қалпына келтіру блоктары, оқу кабинеттері мен конференц-зал болады.

Сәулеттік тұжырымдама

Стадионның сәулеттік тұжырымдамасы заманауи стильде жасалады. Көрермендер трибуналары жабық болады, ал ғимараттың қасбетіне кешкі уақытта сәулеттік-декоративтік жарықтандыру орнатылады.

Айта кетері, бүгін болашақ нысанның іргетасына уақыт капсуласы салынды.