Ақтауда толассыз жаңбыр жауып, салдарынан қала көшелерін су басты. Коммуналдық қызмет мамандары мен арнайы техникалар бірнеше аумақта жол қозғалысына кедергі келтірген жаңбыр суын сорып шығарды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Су сору жұмыстарына 20-ға жуық арнайы техника мен 50-ге жуық жұмысшы жұмылдырылған. «Күндізгі және түнгі ауысымдарда жүргізілген жұмыстар нәтижесінде қала аумағынан жалпы 10 мың текше метрге жуық жаңбыр суы сорылып шығарылды», — дейді қалалық әкімдік.

Қазіргі уақытта қала аумағындағы жағдай жауапты сала мамандарының бақылауында. Төтеншеліктердің айтуынша, бүгін де өңірде қатты жаңбыр күтіледі. Желдің екпіні 15–20 м/с-қа дейін жетуі мүмкін. Тұрғындарға сақтық шараларын сақтап, аса қажеттілік болмаса, алыс жолға шықпау ұсынылды.