Ақтауда оқу үлгерімін жақсартамын деген алаяқ сотталды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Ақтау қалалық сотының үкімімен ер адам алаяқтық (Қылмыстық кодексінің 190-бабы) қылмысын жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 3 жыл 9 айға бас бостандығынан айырылды.

Сотта анықталғандай, сотталған адам Ақтау қаласындағы жоғары оқу орындары студенттерінің сеніміне кіріп, ақшалай сыйақы үшін олардың оқу үлгерімін жақсартып, емтихандардан жоғары баға алуға көмектесуге уәде берген.

"Осы сылтаумен ол студенттердің 90 мыңнан 1 миллион теңгеге дейінгі ақшалай қаражатын иемденген. Алайда уәде еткен міндеттемелерін орындамай, алынған қаражатты жеке басының қажетіне жұмсаған", - деп жазылған хабарламада.

Жаңа оқу жылы қарсаңында Ақтау қаласының прокуратурасы азаматтарды оқу процесіне заңсыз араласуға байланысты ақылы "көмек" ұсынатын, атап айтқанда, баға қойып беруге, емтиханнан өткізуді немесе өзге де мәселелерді шешіп беруді уәде ететін адамдарға сенбеуге шақырады.