Ақтауда сапасыз пластикалық операция жасалғаннан кейін зардап шеккен әйелге моральдық зиян үшін 3 млн теңге өтемақы өндірілді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

2022 жылғы маусымда әйел бет пішінін өзгерту үшін пластикалық ота жасатқан. Алайда хирургиялық араласудан кейін оның құлағы мен бет аймағында келоидты тыртықтар пайда болып, жұмсақ тіндері зақымданған. Салдарынан сыртқы келбеті нашарлаған.

«Алғашқы емдеуге қарамастан, талапкердің денсаулығы жақсармаған. Жағдайы нашарлаған соң, ол басқа мамандардан көмек сұрауға мәжбүр болған. 2025 жылы әйел Алматыда қайта түзету операциясын жасатқан. Алайда бет жүйкесі зақымданып, жұмсақ тіндері деформацияға ұшыраған», – деп хабарлады сот.

Әйел медициналық қызметтің сапасыз көрсетілуіне байланысты дәрігерден 20 млн теңге материалдық залал және 10 млн теңге моральдық зиян өндіруді талап еткен.

«Сот материалдық залалды өтеу туралы талапты қанағаттандырудан бас тартты, өйткені талапкер кейінгі емделуге жұмсалған барлық шығынның құжаттамалық растамаларын ұсынбаған. Сот талапты ішінара қанағаттандырып, жауапкерден 3 млн теңге моральдық зиян өндіріп берді», – делінген сот хабарламасында.

Сот шешімі заңды күшіне енді.