Ақтауда полицейлер пәтерде қараусыз қалған екі бүлдіршінді құтқарды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
«102» арнасына 31Б шағынауданындағы №15 үйдің екінші қабатында кішкентай баланың ашық терезе маңында тұрғаны туралы хабарлама келіп түсті. Бұл жағдай баланың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндірген.
Оқиға орнына жедел жеткен полиция қызметкерлері пәтерде 6 және 4 жастағы екі баланың ересектердің қарауынсыз қалғанын анықтады. Балалардың әжесі су алуға төменге шығып кеткені белгілі болды.
«Әр минуттың маңызды екенін және кез келген кідіріс қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін екенін түсінген учаскелік полиция инспекторлар Абзал Анарбайұлы Асылбек Куженов балаларды құтқаруға дереу кірісті», - деп жазылған хабарламада.
Полицейлер екінші қабаттағы пәтердің терезесіне көтеріліп, ішке кірген. Қызметкерлердің батыл әрі үйлесімді әрекеттерінің арқасында екі бала да дер кезінде қауіптен құтқарылды. Балалар зардап шеккен жоқ.
