Маңғыстау облысында бес баланың әкесі, 52 жастағы Аслан Қыдырбаевтың қазасына қатысты үкім шығарылды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
ҚР ҚК 99-бабы бойынша (адам өлтіру) айыпталған үш ер адам сот алдында жауап берді. Lada.kz мәліметінше, сотталушылардың бірі 8 жыл бас бостандығынан айырылды. Қалған екеуі 3 жыл мерзімге шартты түрде сотталып, сот залынан босатылды.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.
Оқиғаның мән-жайы
Қайғылы оқиға 2025 жылғы 2 желтоқсанда болды. Төрт ер адам Қарақия ауданындағы Темір-баба жеріне түнгі аңға шыққан. Атыс кезінде Аслан Қыдырбаев қаза тапты.
Полиция бастапқыда қарумен абайсыз қарау салдарынан болған оқиға деп хабарлаған. Алайда қайтыс болған адамның туыстары бұл нұсқамен келіспеді. Олардың айтуынша, ер адамдар денесін пикаптың кузовында шамамен тоғыз сағат бойы тасып, ешқандай көмек сұрамаған.
Отбасы Асланды Жаңаөзендегі ауруханаға (оқиға орнынан шамамен 100 шақырым жерде) емес, Ақтауға (шамамен 300 шақырым) апарғанын алға тартады. Туыстар қарудың суға батып кеткені туралы нұсқаға да сенбейді.
Сот процесі
Мемлекеттік айыптаушы басты фигурантқа 17 жыл, ал қалған екеуіне 15 жылдан бас бостандығын шектеуді сұраған.
«Біз келіспейміз, біз бұл үкімге қарсымыз! Оларды сот залынан қалай босата алады? Бұл мүлдем әділетсіз», — деді қайтыс болған адамның жұбайы Жанар Еспаева.
Отбасы сот шешіміне шағымданып, тәуелсіз сараптама жүргізуді жоспарлап отыр. Аслан Қыдырбаевтан бес бала қалды.
Алдыңғы күні Ақтөбеде анасын өлтіріп, әжесіне шабуыл жасады деп айыпталған жасөспірімге қатысты сот аяқталды. Нәтижесінде ол психикалық ауру деп танылып, қылмыстық жауапкершіліктен босатылып, мәжбүрлеп емдеуге жіберілді.
