Алматы облысындағы Ақши ауылында су мәселесі тұрғындарды әбден әбігерге салған. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Бір-екі жыл емес, кемінде бес жылдан бері суға жарымай отырған ақшиліктердің базынасын Sputnik Қазақстан тілшісі тыңдап қайтты.
Су кестесі
Ақшиде су күніне екі рет: таңертең және кешке екі сағаттан беріледі. Үлгергендер алады, үлгермегендер сусыз қалады, дейді тұрғындар.
Тұрғындардың пікірі
"Ақшиде өмірі су жоқ. Таңертең су беріледі дегенмен, ол уақытында берілмейді. Келген суды сорғысы бар үйлер алып қояды, кейбір үйлерге су жетпейді. Өзім 2019 жылы көшіп келдім, содан бері осы проблема", – дейді Жақсыгүл есімді Ақши ауылының тұрғыны.
Су таситын көліктер
Ауылға күн сайын су таситын көліктер қатынайды. Алайда суға тапсырыс беріп үлгергендер алады, ал егде жастағы тұрғындар кейде сусыз қалады.
"Қыста да жарылады, жазда да жарылады. Жалпы, бұл проблеманың болғанына он жылдай болды", – дейді ақшиліктер.
