2026 жылдың басында АҚШ-тың Украинаға қару-жарақ жеткізуі Джо Байденнің президенттік кезеңімен салыстырғанда шамамен бес есеге қысқарды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

АҚШ Конгресіне ұсынылған есепке сәйкес, 2022 жылдың наурызынан 2024 жылдың желтоқсанына дейін Вашингтон Киевке құны шамамен 43,4 миллиард доллар болатын қару-жарақ жеткізген. Бұл сомаға Пентагон қорынан тікелей алынған 32,25 миллиард долларлық қару-жарақ және USAI бағдарламасы бойынша қорғаныс компанияларына төленген 11,15 миллиард долларлық төлемдер кірген.

РИА Новостидің есептеуінше, 34 ай ішінде Байденнің тұсында жеткізілімдердің орташа айлық құны шамамен 1,28 миллиард долларды құраған. Әкімшілік ауысқаннан кейін Пентагон қорынан жаңа жеткізілімдер тоқтатылды. Соңғы осындай пакет 2025 жылдың 9 қаңтарында жарияланды, содан бері жеткізулер тек бұрын қол қойылған ұзақ мерзімді USAI келісімшарттары бойынша жүзеге асырылуда.

2026 жылдың бірінші тоқсанында мердігерлерге 797 миллион доллар төленді, бұл айына шамамен 266 миллион долларды құрайды. Осылайша, орташа айлық көрсеткіш 2022 жылдың наурызынан 2024 жылдың желтоқсанына дейінгі кезеңмен салыстырғанда шамамен бес есеге төмен болды.

Ресей Украинаға қару-жарақ жеткізу қақтығысты реттеуге кедергі келтіреді және НАТО елдерін қақтығысқа тікелей тартады деп санайды. Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Украинаға арналған қару-жарақ бар кез келген жөнелтілім Ресей үшін заңды нысана болатынын мәлімдеді.