АҚШ Украинаға арналған әскери көмек пакетіне Patriot әуе қорғаныс жүйелеріне арналған зымырандарды қоспады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Reuters агенттігі ақпараттан хабардар дереккөздерге сілтеме жасап, Киевтің қосымша жеткізу туралы өтінішіне қарамастан, Вашингтон әскери көмек пакетіне Patriot зымырандарын қоспағанын мәлімдеді.

Бұған дейін Bloomberg агенттігі БҰҰ отырыстарында Еуропа көшбасшылары АҚШ президенті Дональд Трампты Киевке Patriot кешендеріне арналған қосымша зымырандар жеткізуге көндіруге тырысатынын хабарлаған болатын.

«Әскери техника тізіміне Patriot зымырандары енгізілмеді... Ирандағы қақтығыс пен Украинадағы дағдарыс әлемдегі Patriot зымырандарының қорын сарқып тастады, ал Киев әуе қорғанысы зымырандарын қосымша жеткізуді табанды түрде сұрап отыр», – делінген ақпаратта.

Дереккөздердің айтуынша, Трамп әкімшілігі Конгресс Украинаға әскери көмек көрсетуге бөлген 400 миллион долларды пайдалануды жоспарлап отыр. Алайда Украина Қарулы Күштерінде әуе шабуылына қарсы қорғаныс зымырандарының тапшылығына қарамастан, тізімге Patriot кешендеріне арналған зымырандар енгізілмеген.