Вашингтон Украинадағы қақтығысты тоқтату жөніндегі келіссөзде жаңа делдалдардың көмегімен келісімге қол жеткізгісі келеді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Financial Times газетіне сілтеме жасап хабарлайды.

Financial Times газеті жағдайдан хабардар дереккөздерге сілтеме жасап, АҚШ жаңа келіссөз жүргізушілердің дипломатиялық тығырықтан шығуға көмектесетініне үміттенетінін жазды. Әңгіме АҚШ-тың Әсем өнерлер жөніндегі комиссиясының төрағасы Родни Кук туралы болып отыр.

Ол 3-6 маусым аралығында өткен Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумына қатысқан америкалық делегацияны басқарған. Газеттің мәліметінше, Кук жазда Ресейде келіссөзге қатысқан. Шенеунік кездесулердің егжей-тегжейін айтудан және оның қатысуымен келіссөздердің жалғасатынын нақтылаудан бас тартты.

FT-ке сұхбат берген дереккөздердің бірі Ақ үй басшысы Дональд Трамптың қақтығысты реттеу туралы келісімге қол жеткізу мүмкіндігіне әлі де оптимистік көзқараста екенін айтты. Өткен аптада Ресей СІМ басшысы Сергей Лавров Владимир Путиннің АҚШ-тың арнайы өкілдері Стив Уиткофф пен Джаред Кушнерді қайтадан қабылдауға дайын екенін мәлімдеді. Алайда, оның айтуынша, олардың Мәскеуге қандай ұсыныспен келетіні маңызды болмақ.