АҚШ-тың Мичиган штатында циклоспориаз — паразиттік ішек инфекциясының тарихтағы ең ірі өршуі жалғасуда. Бұл аурудың белгілеріне қатты сулы, яғни «жарылғыш» диарея жатады. Расталған жағдайлар саны 2640-қа жетті. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Билік мәліметінше, бірнеше күн ішінде ауырғандар саны мыңнан астам адамға өскен. Кем дегенде 44 пациент ауруханаға жатқызылды. Мамандардың айтуынша, ауырғандардың көпшілігі штаттың оңтүстік-шығыс бөлігінде тұрады.
Циклоспориазды Cyclospora cayetanensis паразиті қоздырады. Инфекция әдетте ластанған тамақ немесе су арқылы жұғады. Негізгі белгілері: ұзаққа созылатын сулы диарея, іштің ауыруы мен құрысуы, кебу, жүрек айну, әлсіздік және тәбеттің жоғалуы. Емделмеген жағдайда ауру бірнеше аптаға созылып, мезгіл-мезгіл қайталануы мүмкін.
Жұқтыру көзі әлі анықталмаған. Штаттың Денсаулық сақтау департаменті жаңа піскен көкөністер мен жемістермен жұмыс істейтін кәсіпорындарға санитарлық шараларды күшейтуді, ал тұрғындарға симптомдар пайда болғанда дәрігерге жүгінуді ұсынады. Ауру антибиотиктермен емделеді, бірақ әсіресе қарт адамдар, балалар және иммунитеті әлсіз пациенттер үшін сусыздану қауіпті.
Індеттің себептерін тергеуді MDHHS мамандары АҚШ-тың федералды ведомстволарымен бірге жалғастыруда. Билік әзірге ауруды қандай да бір нақты тамақ өнімімен байланыстырмайды, бірақ дәстүрлі түрде мұндай індеттер ластанған жаңа піскен көкөністер, шөптер мен жидектермен байланысты.
