Әлеуметтік желілерде АҚШ-тың Иллинойс штатында тұратын 24 жастағы Қазақстан азаматы Асет Құралбайдың жоғалғаны туралы ақпарат пайда болды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Жарияланған мәліметтерге сәйкес, жігіт Чикаго маңындағы Форд-Хайтс ауданында тұрған. Ол соңғы рет 2 маусымда байланысқа шыққан, ал 7 маусымнан бастап телефоны қолжетімсіз болған.
Туыстарының айтуынша, үйде оның құжаттары мен банк карталары қалған. Олардың сөзіне қарағанда, 10 маусымда полиция жоғалған адамның көлігін – DP 86722 мемлекеттік нөмірі бар Toyota Camry-ді тапқан. Алайда Асеттің өзінің орны әлі белгісіз.
Жарияланымға түсіндірмелерде жоғалған адамды ICE (АҚШ Иммиграция және кеден полициясы) базасы бойынша тексергенін, бірақ оның ұсталғаны туралы ақпарат жоқ екенін хабарлайды.
«ICE базасында тексердік, ол жоқ. ICE құжаттарды бірден алып қояды. Ол құжаттарын үйде қалдырған. Тағы бір ақпарат бойынша, оның көлігін дүкеннің жанына қара нәсілді әйел қалдырған, полиция камералар арқылы қарады. Ол қылмыс деңгейі өте жоғары қауіпті ауданның жанында тұрған. Жаманды ойлағымыз келмейді, бірақ бұл жерде бірдеңе дұрыс емес. Тірі және сау болып табылсын», – деп жазды пайдаланушы.
Жарияланым авторлары жігіт туралы қандай да бір ақпараты бар немесе соңғы күндері оны көргендерді туыстарына +7-702-575-47-47 телефоны бойынша хабарласуға шақырады.
Редакция Қазақстан Сыртқы істер министрлігіне сұрау жолдады. Жарияланым кезінде ведомстводан жауап келмеді.
