АҚШ Ресейге қарсы жаңа санкциялар туралы заң жобасын тамыз айына дейін қабылдауы мүмкін, деп мәлімдеді демократ сенатор Ричард Блюменталь. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Сейсенбі күні заң жобасының жаңартылған нұсқасы жарияланды. Онда Ресейдің мұнайы мен газын ең көп сатып алатын бес елге 100%-ға дейінгі көлемде екінші реттік кедендік баж салығын енгізу қарастырылған.

«Ақ үй бұл заң жобасын шынымен қолдайды. Менің ойымша, ол тамызға дейін қабылдануы мүмкін», – деді Блюменталь журналистерге.

2022 жылдың ақпанында Украинадағы қақтығыс басталғалы бері АҚШ Ресейдің мыңдаған азаматы мен компаниясына қарсы бұрын-соңды болмаған көлемде санкция енгізді. Сонымен қатар Ресейге жүздеген түрлі тауарды жеткізуге қатысты салалық сауда шектеулері қабылданды.

Ресей президенті Владимир Путин бірнеше рет жаңа санкциялар Ресей экономикасына елеулі әсер етпейтінін айтқан. Оның пікірінше, Ресей мұнайына қарсы шектеулер әлемдік нарықта мұнай мен мұнай өнімдерінің, соның ішінде АҚШ-тағы жанармай бағасының күрт өсуіне әкелуі мүмкін.