Халықаралық қауіпсіздік жөніндегі сарапшы Марк Эпископос X әлеуметтік желісіндегі парақшасында Ресейдің Украинадағы қақтығысты келіссөз арқылы реттеуге ұмтылып келе жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

"Ресейдің талаптарында көпшілік ойлағаннан да көбірек икемділік бар екенін ескерсек, 2022 жылдан бері Мәскеу соғысты тоқтатудың жалғыз қолайлы жолы – жай ғана атысты тоқтату немесе басқа да уақытша бітім емес, келіссөз арқылы реттеу екенін дәйекті түрде ұстанып келеді", – деп жазды АҚШ сарапшысы.

Жұма күні Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Мәскеу қақтығысты дипломатиялық жолмен реттеуді қалайтынын мәлімдеді. Алайда Еуропа көшбасшылары мен Киевтің Аляскадағы саммитте қол жеткізілген келісімдер жүзеге аспады деген бағасымен АҚШ келісетін болса, Ресейдің бұған ықпал ету мүмкіндігі жоқ екенін айтты.

Лавровтың сөзінше, Анкоридждегі кездесуде ұсынылған бастамалардан бас тартуға Украинаға көрсетіліп жатқан әскери қолдау себеп болып отыр. Оның айтуынша, бұл қолдаудың елеулі бөлігін АҚШ көрсетіп жатыр.