АҚШ 21-25 қыркүйек аралығында Қазақстанда халықаралық ұшу қауіпсіздігін бағалауды өткізеді. Бұл кезең Қазақстаннан АҚШ-қа тікелей рейстер ашу туралы екі жылдық келіссөздердегі шешуші қадам болмақ. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Америкалық инспекторлар Қазақстанда ұшу қауіпсіздігінің қалай қадағаланатынын бағалайды. Тексеру авиациялық заңнаманы, ұшқыштарды даярлауды және ұшақтардың техникалық жай-күйінің ИКАО халықаралық стандарттарына сәйкестігін қамтиды.
«Сарапшылар тобының құрамына халықаралық авиациялық құқық, авиациялық персоналды лицензиялау, ұшу жарамдылығы және ұшу пайдалануы бойынша мамандар кіреді», — деп атап өтті ҚР Көлік министрлігінде.
Сонымен қатар, 24 қыркүйекте АҚШ-тан келген мамандар Air Astana авиакомпаниясына техникалық сапар жасайды. Аталған авиакомпания АҚШ көлік министрлігінен коммерциялық қызметті жүзеге асыруға рұқсат алуға өтінім берген. Комиссия авиатасымалдаушының процестерінің ашықтығын тексереді.
Инспекция аяқталғаннан кейін американдық тарап брифинг өткізіп, тексеру нәтижелері бойынша жазбаша есеп ұсынады.
Осы кезеңнен сәтті өту Қазақстан мен АҚШ арасындағы тікелей рейстердің ашылуын жақындатады.
Бұған дейін «Курсив» Air Astana Қазақстаннан Нью-Йорк пен Токиоға тікелей рейстерді орындау үшін пайдалануды жоспарлап отырған алғашқы Boeing 787 Dreamliner ұшақтары республикаға 2026 жылдың желтоқсанында келетінін жазған болатын.
