АҚШ үкіметі Украинаға жеткізілген қару-жараққа қызмет көрсету үшін Польшадағы техникалық қолдау орталығын қаржыландыруға 238 миллион доллардан астам қаражат бөлді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

АҚШ үкіметінің шығындар жөніндегі порталының деректеріне сәйкес, қаражат Польшаның Ясенка қаласындағы техникалық және логистикалық қолдау орталығын басқаратын Amentum Services компаниясына бөлінді.

Орталық мамандары жеткізілген қару-жарақты күтіп ұстау мәселелері бойынша Украина әскерилеріне қашықтан көмек көрсетеді және қажетті қосалқы бөлшектерді жеткізуді үйлестіреді.

Келісімшарт 2022 жылдың желтоқсанында 35,7 млн доллар сомасына жасалған болатын. Содан бері оған 29 рет өзгеріс енгізіліп, бөлінген қаржы көлемі 238,2 миллион долларға дейін өсті.

АҚШ-тың "Атлантикалық шешім" операциясы бойынша бас инспекторларының соңғы тоқсандық есебіне сәйкес, Ясенка хабынан көрсетілетін қашықтықтан техникалық қолдау Украина Қарулы күштері пайдаланатын 34 қару жүйесін қамтиды.