АҚШ пен Әзербайжан қорғаныс, энергетика және сауда саласындағы байланысты нығайтуға бағытталған стратегиялық әріптестік туралы хартияға қол қойды, деп хабарлайды Qazaqyia ақпарат агенттігі.
Бакуге жұбайы Уша Вэнспен бірге ресми сапармен келген АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс пен Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев екіжақты қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеретін тарихи құжатты бекітті. Сарапшылар бұл оқиғаны Вашингтонның Кавказдағы ықпалын арттыруға бағытталған маңызды қадам деп бағалап отыр.
Жаңа келісім аясында АҚШ пен Әзербайжан арасындағы әскери ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше назар аударылады. Бұл қорғаныс өнімдерін жеткізуді және киберқауіпсіздік саласындағы әлеуетті арттыруды қамтиды.
Кездесуде Ильхам Әлиев Әзербайжан үшін АҚШ-тың стратегиялық серіктесі болу үлкен мәртебе екенін атап өтті.
««Қазіргі таңда Әзербайжан өзінің табиғи газ ресурстары арқылы 16 елдің энергетикалық қауіпсіздігіне үлес қосып отыр. Олардың 11-і — НАТО мүшелері әрі АҚШ-тың одақтастары», – деді Әлиев.»
—
Өз кезегінде Джей Ди Вэнс екі ел арасындағы достық ұзақ уақыт бойы тиісті деңгейде бағаланбағанын мойындап, бұл серіктестік өңірдегі бейбітшілік пен өркендеуге ықпал ететініне сенім білдірді. Келіссөздерден кейін америкалық делегацияның Арменияға сапарлайтыны белгілі болды.
Фото: Әлеуметтік желіден
