АҚШ президенті Дональд Трамп Иранға қарсы екінші деңгейлі санкциялар енгізу туралы жарлыққа қол қойды, бұл шешім Тегеранмен сауда жасайтын барлық елге, соның ішінде Қазақстанға да тікелей әсер етеді, деп хабарлайды Qazaqyia ақпарат агенттігі.

Жаңа шектеулерге сәйкес, Америка Құрама Штаттары Иранмен сауда-саттық жүргізетін кез келген мемлекеттің тауарларына 25 пайыздық кедендік баж салығын енгізеді. Бұл қадам Иранның экономикасын оқшаулауға бағытталған және оның сауда серіктестеріне қысымды күшейтеді.

Бұл жағдай Қазақстанның сауда және транзит саласына айтарлықтай салмақ салады. Еліміз Иранмен Каспий теңізі және «Солтүстік – Оңтүстік» көлік дәлізі арқылы тығыз байланыс орнатқан. Осы бағыттар арқылы Қазақстан дәнді дақылдар, азық-түлік, құрылыс материалдары мен өнеркәсіптік тауарларды экспорттайды.

Сонымен қатар, Иран – қазақстандық өнімдерді Парсы шығанағы, Солтүстік Африка және Оңтүстік Азия нарықтарына шығаратын маңызды транзиттік хаб. Жаңа санкциялар бұл логистикалық тізбекті бұзып, қазақстандық компаниялардың жұмысын айтарлықтай қиындатуы мүмкін.

Сарапшылардың болжауынша, енді қазақстандық банктер Иранға бағытталған төлемдерді бұғаттауы ықтимал. Доллармен есеп айырысу толығымен тоқтап, компаниялар сауданың баламалы жолдарын, мысалы, бартер немесе үшінші елдер арқылы есептесу схемаларын қарастыруға мәжбүр болады.

Нәтижесінде, АҚШ-тың 25 пайыздық баж салығы Иранмен жұмыс істейтін қазақстандық кәсіпорындардың шығынын арттырып, кейбір экспорттық-транзиттік жобалардың тоқтап қалуына немесе баяулауына әкелуі мүмкін.

Фото: Әлеуметтік желіден