Ақмола облысының тұрғыны Грузиядан көлік аламын деп жинаған 3,1 миллион теңгесінен айырылып қалды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Өңірлік полиция департаментінің мәліметінше, 2024 жылдың қазан айында жәбірленушінің ауылдасы Грузиядан Toyota Highlander көлігін сатып алуға көмектесемін деп 3,1 миллион теңге алған.

Алайда уәде етілген көлік ешқашан сатып алынбаған және ақша иесіне қайтарылмаған.

Полиция хабарламасында: "Жәбірленушінің өтініші бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта полицейлер болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, қажетті тергеу әрекеттерін жүргізіп жатыр", - деп жазылған.

Полиция азаматтарды бейтаныс адамдарға немесе тіпті таныс адамдарға көп ақшаны құжатсыз ресімделген мәміле арқылы бермеуге шақырды.