Ақмола облысындағы Жақсы теміржол вокзалын жаңарту жұмыстары аяқталды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Жақсы - II класты вокзал, 1960 жылы салынған. Станция арқылы Астана, Алматы, Қостанай, Арқалық, Семей, Павлодар және Маңғыстаумен байланыстыратын сегіз жолаушылар пойызы өтеді.

Қайта құру жұмыстары барысында ғимараттың ауданы 203-тен 221,8 ш.м. дейін ұлғайтылған. «Шатыры, қасбеті және ішкі үй-жайлары толығымен жаңартылды, сумен, кәріз жүйесімен, жылумен, электрмен жабдықтау инженерлік желілері және әлсіз ток жүйелері ауыстырылды. Ғимаратқа жаңа жиһаздар мен жабдықтар қойылды, іргелес аумақ абаттандырылды, перрон жаңартылды. Әрлеу үшін отандық өндірістің заманауи берік құрылыс материалдары пайдаланылды», - делінген хабарламада.

Мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға ыңғайлы болу үшін вокзал ғимаратына кедергісіз кіруді қамтамасыз ететін сыртқы көтергіш орнатылды. Жаңарту жұмыстары «Қазақстан темір жолы «ҰК» АҚ өз қаражаты есебінен орындалған.