Ақмола облысының Буландын және Целиноград аудандарында бір мезгілде екі табиғи өрт тіркелді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Буландын ауданындағы өрт
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, Буландын ауданындағы 26-разъезд станциясының маңында орман төсеніші өртенген. Өрт алдын ала бес гектар аумаққа таралған. Оны сөндіруге 100 адам және 21 техника жұмылдырылды.
Өртпен күресу үшін екі тікұшақ тартылды. Авиация 28 слив жасап, жалпы салмағы 31 тонна су тастады. Өрт оқшауланды, толық жою жұмыстары жалғасуда.
Целиноград ауданындағы өрт
Целиноград ауданында, Ыбырай Алтынсарин ауылының маңында құрғақ шөп өртенген. Өрт Ақмола облысы және Астана ТЖД күштерімен толық жойылды.
Екі жағдайда да қаза тапқандар мен зардап шеккендер жоқ.
Бұған дейін «Курсив» Шығыс Қазақстан облысында Марқакөл орман шаруашылығы аумағында табиғи өртті сөндіру туралы хабарлаған болатын.
