Ақмола облысында сумен жабдықтау және су бұру жүйесінің құрылысына Арнаулы мемлекеттік қордан 1,4 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Қаражат Бурабай ауданы мен Щучинск қаласында төрт инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыруға бағытталады. Атап айтқанда, Бурабай ауданы Қатаркөл көлінің жанындағы балаларды сауықтыру орталықтарының су құбыры желілері жаңғыртылады.
Инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту мекемелерге коммуналдық қызмет көрсетудің сапасын арттыруға және маусымдық жүктеме кезеңінде олардың толыққанды жұмыс істеуі үшін қажетті жағдайлар жасауға мүмкіндік береді.
Бөлінген қаражаттың келесі бір бөлігі Щучинск қаласындағы сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін кешенді түрде жаңартуға жұмсалады. Атап айтқанда, магистральдық су құбыры желілерінің төртінші кезегін салу және реконструкциялау, су бұру нысандары мен желілерін жөндеу, сондай-ақ кварталдар ішінде кәріз тарту жоспарланып отыр.
Жобаларды жүзеге асыру желілердің апаттылығын төмендетеді. Сонымен қатар, судың қажетті көлемін беру және ағынды суларды бұру жүйеге жаңа тұрғын үйлерді, әлеуметтік және туристік нысандарды қосуға мүмкіндік береді, сондай-ақ өңірге инвестиция тарту үшін де жағдай жасайды.
