Ақмола облысының Біржан сал ауданында «Казгер» ЖШС-нің төрт жұмысшысы өндірістік жарақат алды. Оларды даладағы жұмысқа апарып бара жатқан тіркеме-будка аударылып кеткен. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Зардап шеккендердің бірінің анасы Баян Балташеваның видеоүндеуін HALYQSTAN Telegram-арнасы жариялады.

«Үйге қайтып келе жатқанда, будка жүріс кезінде жүк көлігінен ажырап кетті. Діңгек жерге кіріп, будка төрт рет аударылды», — деді әйел.

Оның айтуынша, зардап шеккен төрт жігіттің үшеуі ауруханадан шығарылған, бірақ оның ұлы әлі де өте ауыр халде жатыр.

Темірболат Қайыровқа омыртқасының ауыр зақымдануы диагнозы қойылған. Дәрігерлердің айтуынша, бұл мүгедектікке әкелуі мүмкін. Жігіттің анасы істің жабылып қалуынан қорқады.

Оның сөзінше, жұмысшылар жұмыс берушіден далаға бару үшін қауіпсіз көлік беруді бірнеше рет сұраған, бірақ өтініштері жауапсыз қалған.

Ақмола облысы полиция департаменті еңбекті қорғау ережелерін бұзу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады.

«Тергеу аясында оқиғаның мән-жайын жан-жақты және объективті анықтауға бағытталған барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде», — деп атап өтті ведомство.

Бұған дейін «Курсив» Рудныйдағы ERG Service кәсіпорнында жұмысшының өліміне әкелген жазатайым оқиға туралы хабарлаған болатын. Болат балқыту пешінде жұмыс істеу кезінде шихталаушы қайтыс болған.