Жақсы-Есіл-Бұзылық автожолының теміржол өткелінде Volvo жүк көлігі локомотивке соғылды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Алдын ала мәліметтер бойынша, жүк көлігінің жүргізушісі бағдаршамның тыйым салынған сигналын елемей, теміржол өткеліне шығып, локомотивпен соқтығысқан. Апат салдарынан зардап шеккендер жоқ.

Көліктегі 23 тонна пияз көлік қозғалысына кедергі келтіріп, жолға шашылған.

Оқиға орнында полиция қызметкерлері жол қозғалысын реттеуді дереу ұйымдастырып, жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етті.

Полицейлер жол-көлік оқиғасының зардаптары толық жойылғанға дейін қауіпсіз қозғалысты ұйымдастыруға және шашылған жүкті жинауға жәрдем көрсетті, - деп хабарлады Ақмола облысының полициясы.

Қажетті жұмыстарды жүргізгеннен кейін жолдың осы учаскесіндегі қозғалыс толық көлемде қалпына келтірілді.

Жол апаты фактісі бойынша тексеру жүргізілді.

Жүк көлігінің жүргізушісі жол ережесін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.