Ақмола облысы Бұланды ауданында жолдарды жөндеуге арналған бюджет қаражатын жымқыру фактісі анықталды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Бас прокуратураның мәліметінше, 2023 жылы Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі мен мердігер арасында Никольское ауылындағы ауылішілік жолдарды орташа жөндеуге ұзындығы 5,4 км 167,8 млн теңге сомасына шарт жасалған.
Шарт мерзімі 2024 жылғы желтоқсанда аяқталып, 103 млн теңге бюджеттік қаражат жұмсалған.
"Тексеру нәтижесінде 78 млн теңгеге жұмыстардың орындалмағаны және бұл қаражат жолдарды жөндеуден басқа мақсаттарда жұмсалғаны анықталды", - деп жазылған хабарламада.
Сол себепті аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бұрынғы басшысына және мердігер ұйымның басшыларына қатысты аса ірі көлемде бюджет қаражатын жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
