Ақмола облысында полицейлер жазғы дөңгелекпен жолға шыққан 744-тен астам жүргізушіні кері қайтарды, деп хабарлады Polisia.kz. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Ауа райының қолайсыздығына байланысты Ақмола облысында полиция қызметкерлері республикалық маңызы бар автожолдарда күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.
«8–9 қараша күндері өңірдегі бірқатар тасжолда жазғы дөңгелекпен жүрген көліктердің қозғалысына уақытша шектеу енгізілді. Атап айтқанда, шектеулер Астана — Щучинск, Астана — Шідерті — Павлодар және Көкшетау — Атбасар бағыттарында қолданылды», - деп жазылған хабарламада.
Сонымен қатар ауа райы мен жол жағдайына байланысты республикалық тасжолдардың кей учаскелерінде жылдамдық режимі төмендетілді.
«Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында полицейлер жазғы дөңгелекпен жүрген 744-тен астам жүргізушіні кері қайтарды. Бұл шаралар жол апаттарының алдын алуға және қозғалысқа қатысушылардың қауіпсіздігін сақтауға бағытталған», - дейді полицейлер.
Полиция жүргізушілерді қысқы дөңгелекке уақытылы ауысуға, сапарды жоспарлау кезінде ауа райын ескеруге, жылдамдық режимі мен қауіпсіз арақашықтықты сақтауға шақырды.
