Ақмола облысы Степногорск қаласында із-түссіз кеткен мектеп оқушысын полиция қызметкері Әділ Кутушев тауып алды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Анасымен дауласып, сәлден соң сыртқа шығуға сұранған 13 жастағы қыз сол күйі із-түссіз кеткен. Әйел кеш бата қызын шарқ ұрып іздеп, полицияға хабарласады.
«Кешкі сағат 20:00 шамасында қыздың анасы хабарласып, қызын тауып беруімізді сұрады. Қызы бірнеше сағаттан бері байланысқа шықпаған. Отбасындағы жанжал ұялы телефонға бола шыққан. Бұған дейін жасөспірімнің ондай оғаш қылығы болмаған, мектепте жақсы оқиды», - дейді Әділ Кутушев.
Жасөспірім күндізгі сағат 15:00 шамасында үйден шығып кеткен. Полиция ұялы телефонына бірнеше рет хабарласқанымен ұялы байланыс көрсеткен жерде қыз табылмаған.
«Сағат түнгі 2:00 шамасында іздеу жұмыстары тоқтады. Бірақ мен анасын ертіп алып ары қарай іздей бердім. Әріптесім сол шатқал жақта жылқышы барын айтып, сұрап көр деді. Біз жылқышыны іздеп ек, ол мекенінде болмай шықты. Қызды үй шатырынан да іздедік, жалпы тұрғылықты жердің барлығын қарадық», - дейді Әділ Кутушев.
Жақын маңдағы мекемелердің бейнебақылау камераларын қарамақ болған, бірақ олар таңғы сағат сегізден бастап жұмыс істейтіндерін айтқан. Таңғы сағат төртке дейін қызды іздеген тәртіп сақшысы қызды бастапқы іздеу жұмыстары болған жерде тапқанын айтты. Оның айтуынша, қараңғыда адасып қалған.
Қыздың анасы іздеу шаралары тоқтатылып, бәрі қайтып кеткенде жалғыз өзі іздеудеуге кіріскен полицейге алғысы зор. Әділ Кутушев полиция саласында еңбек еткеніне небәрі бір жыл. Қызды аман тапқанын ол ерлік деп санамайды. «Менің орнымда кез келген полиция солай істейді» деген Әділ ата-аналарды балаларына абай болуға шақырды.
