Ақмола облысында «Түнгі қаладағы балалар» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында үш күн ішінде кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау саласында 235 құқық бұзушылық анықталды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Бұзушылықтардың басым бөлігі жасөспірімдердің түнгі уақытта ата-анасының немесе заңды өкілдерінің ертіп жүруінсіз үйден тыс жерде болуына байланысты. Барлығы 222 мұндай факт тіркелді.

Сонымен қатар, кәмелетке толмағандардың алкогольдік ішімдіктерді тұтынуының 10 жағдайы, ұсақ бұзақылықтың екі фактісі және қоғамдық орында қысым көрсетудің бір жағдайы анықталды.

Рейдтер қорытындысы бойынша балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін 16 ата-ана мен заңды өкіл жауапкершілікке тартылды. Тағы төрт кәсіпкер кәмелетке толмағандарға алкоголь өнімдерін сатқаны үшін жауапкершілікке тартылды.

Профилактикалық іс-шаралар барысында ювеналды полиция қызметкерлері профилактикалық есепте тұрған отбасылар мен жасөспірімдерді тексерді. Отбасылық жағдайсыздықтың, қараусыздықтың және жасөспірімдер қылмысының алдын алуға ерекше назар аударылды.

Қазіргі уақытта ішкі істер органдарының профилактикалық есебінде 670-тен астам жағдайсыз ата-ана және 150 кәмелетке толмаған тұр. ЖПІ өткізу кезінде қосымша сегіз ата-ана және екі жасөспірім есепке қойылды.

Сонымен қатар, өңірде «Жасөспірім» жедел-профилактикалық іс-шарасы жалғасуда. Оның аясында құқыққа қайшы мінез-құлыққа бейім үш бейресми көшбасшы анықталды.

Сондай-ақ, Жарқайың ауданында кәмелетке толмағанның тыйым салынған заттарды заңсыз сақтауы немесе алып жүруінің бір жағдайы тіркелді.

Интернет-кеңістікті мониторингілеу барысында балалардың өмірі мен денсаулығына кері әсер етуі мүмкін 56 интернет-ресурс пен жарияланым анықталды.

Ақмола облысы полиция департаменті ата-аналарды жазғы демалыс кезеңінде балалардың орналасқан жерін бақылауды күшейтуге және олардың бос уақыты мен қауіпсіздігіне көбірек көңіл бөлуге шақырды.

Бұған дейін «Курсив» Алматыдағы түнгі клубтар мен барларда келушілерді талдайтын және кәмелетке толмағандарды анықтауға көмектесетін «ақылды» камералар жүйесі енгізілгені туралы хабарлаған болатын.