Ақмола облысында 8 және 12 жастағы екі қыз бала көліктің суға құлауынан қаза тапты. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Қайғылы оқиға 11 шілдеде Целиноград ауданы Қызылжар ауылы маңындағы жасанды су қоймасында болды. Алдын ала мәліметтер бойынша, отбасы түнеп демалып жатқан.
Таңертең шомылып болған соң, екі қарындас жағада тұрған көлікке құрғақ киім ауыстыру үшін отырған. Сол кезде көлік кенеттен қозғалып, еңіспен төмен сырғанап, суға түсіп кеткен.
Қыздардың әкесі көмекке ұмтылғанымен, көліктің есігін аша алмаған немесе әйнегін сындыра алмаған. Көлік тез арада су астына кеткен, балаларды құтқару мүмкін болмаған.
Көліктің не себепті қозғалғаны және оқиғаның барлық мән-жайы тергеу барысында анықталуда.
Бұған дейін «Курсив» балаларды бірнеше минутқа болса да көлікте жалғыз қалдыруға болмайтыны туралы жазған. «ҚазАвтоЖол» мамандары +25 градус температурада көлік салоны 10 минут ішінде тағы 10-15 градусқа қызатынын, ал бір сағаттан кейін ішкі температура +50 градустан асуы мүмкін екенін ескерткен. Сонымен қатар, бала қараусыз қалса, есіктерді кездейсоқ бұғаттап, басқару түймелерін басып, үркіп, өздігінен шыға алмай қалуы мүмкін.
