Ақмола облысында полиция жергілікті кәсіпкерден 30 млн теңге бопсалаған екі ер адамды ұстады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 5 тамызда құқық қорғау органдары белгісіз адамдардың кәсіпкерден ірі соманы талап етіп, физикалық зорлық көрсетеміз деп қорқытқанын анықтаған.
«Осы факті бойынша бопсалау бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полицейлер екі ер адамды анықтап, ұстады, олардың бірі – ММА жаттықтырушысы. Алдын ала анықталғандай, ұсталғандар жәбірленушінің бизнесіне «қамқорлық» деп ақша талап етуге қатысы болуы мүмкін», – деп хабарлады полицияда.
Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу олардың Ақмола облысы аумағында осыған ұқсас басқа қылмыстарға қатысын да тексереді.
Бұған дейін «Курсив» Ақтөбеде шетелдік студенттерден бопсалаған 28 жастағы ер адамның ұсталғанын хабарлаған болатын.
