Ақмола облысының тұрғыны интернет-алаяқтардың құрбаны болып, 2 млн теңгеден астам шығынға ұшырады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Қорғалжын ауданының тұрғыны мал шаруашылығын дамытуға арналған қайтарымсыз кредит туралы хабарландыруға сеніп, алаяқтардың арбауына түскен. Алайда уәде етілген қаржылай көмектің орнына ол қомақты қарызға батқан.
Instagram-дағы хабарландыру
Полицияның хабарлауынша, 25 қыркүйекте әйел Instagram әлеуметтік желісінен мал шаруашылығын дамытуға 5 млн теңге көлемінде қайтарымсыз кредит беру туралы хабарландыруды көрген. Ұсынысқа қызығушылық танытып, тіркелгеннен кейін көп ұзамай өзін қаржылық кеңесші ретінде таныстырған әйелмен байланысқа шыққан.
Алаяқтың нұсқауы
Күдікті уәде етілген соманы алу үшін алдымен банк қосымшасы арқылы 2 млн теңгеге тауарлық кредит рәсімдеу қажет екенін айтқан. Кейін толық көлемде кредит алған соң ақшаны қайтарып беруге уәде еткен.
Алаяқтың сөзіне сенген жәбірленуші оның барлық нұсқауын орындап, рәсімделген кредит қаражатын белгісіз тұлғалардың банк деректемелеріне аударған. Салдарынан ақмолалық әйел 2 млн теңгеден астам шығынға ұшырады. Ал оған уәде етілген қайтарымсыз кредит берілген жоқ.
Полиция ескертеді
Облыстық полиция департаменті азаматтарды интернет-алаяқтардың әрекетіне қатысты сақ болуға шақырады. Қайтарымсыз кредит немесе қаржылай көмек ұсынатын күмәнді хабарландыруларға сенбеу керек, ал ақша аударуды талап ететін кез келген ұсыныс алаяқтықтың белгісі болуы мүмкін.
